Арал-Каспий аймағындағы керуен-көш бағыттарындағы қоныстар мен құдықтар: ортағасырлардан – ХХ ғасыр басына дейін
Қоңырат – Қарақобда арасын жалғастыратын қатынас жолы Арал-Каспий аралығын, Аралдың оңтүстік және солтүстік-батысын, Оңтүстік және Солтүстік Үстірт, Ақтөбе қаласының оңтүстігіндегі Қарақобда өзені аралығын қамтиды. Арал-Каспий аңғарына «Тұран жазығы» аталған кең байтақ қазақ жерінің бір бөлігі енеді. Геосаяси тұрғыдан ірі тарихи-мәдени ареалдар Орталық Азия, Алтай-Саян шатқалы, Кавказ, Шығыс Еуропаны жалғаған тарихи магистралды жолдар Еуропа мен Азия арасындағы қарым-қатынасты жүзеге асырған. Арал-Каспий аймағының шөлді, құрғақ, экожүйесінің аса күрделі жерлерімен өткен жолдардың қалыптасу тарихы толық зерттелмеген тақырыпқа жатады. Арал-Каспий аймағындағы тарихи дәуірлерде Орталық Азия мен Батыс арасын байланыстырған қатынас жолдары ХХ ғасырдың 20-30 жылдарының арасына дейін қолданыста болған. Ортағасырлық керуен жолдарының бір бөлігі ХІХ-ХХ ғасырдың бас кезінде Орталық Азия мен Орынбор арасы арқылы Шығыс Еуропаға шығатын сауда жолына қызмет еткен. Қоңырат Хиуа, Үргеніштен шыққан сауда керуенінің алғашқы бекеті болған. Қатынас жолдары бағыты, мақсатына қарай керуен және көш жолдары болып бөлінді. Үстірт үстінен өткен Қоңырат – Қарақобда қатынас жолының бойындағы Ақсай, Ащыайрық, Тұщыайрық, Қайнар, Тасастау мерзімдік қонысының топонимикасын зерттеу барысында құдықтарды құжаттау, сақталу деңгейін сараптау жүзеге асты. Орталық Азия мен ортағасырлық Қызылқала, Кетікқала арасын жалғап жатқан керуен жолының да оңтүстік бөлігі осы көш жолымен түйісті. Ортағасырлық керуен жолдарының белгілі бір бөліктері мал шаруашылығында көш жолдары ретінде қызмет еткен. Керуен-көш жолдарының екіге бөлінетін жол айрықтары керуеншілердің сауда-экономикалық мақсатына, көшпелілердің мерзімдік қоныстарын игеруіне қарай қалыптасқан. Қоңырат – Қарақобда керуен-көш жолының оңтүстік бөлігі «Қасқажол» деп аталған. Құдық этимологиясы мен тарихи топонимикасының еліміздің тарихы мен мәдениетіне, этнографиясына беретін деректік маңызы зор. Қазақ халқы ландшафты дәстүрлі игерудегі құдық қазу ісінің көне білімін бүгінгі күнге сақтап жеткізген. Құдықтың құрылысының күрделілігімен, адам атымен, жергілікті ландшафт ерекшелігімен, белгілі бір оқиғамен байланысты қалыптасқан этимологиясы, кәсіптік, аймақтық сөздер қазақ этнолингвистикасының маңызды қорын құрайды. Құдық байырғы қатынас жолдарында суат қана емес, маңызды бекет ролін атқарды. Тарихи дәуірлерде қолданыста болған қатынас жолдарының бойындағы құдықтардың ерекшелігі жергілікті ландшафтқа сай қалыптасты. Ұзақ бағыттардағы қара жолдарды игеруді ұйымдастыру – қазақ халқының табиғатпен етене өмір сүруі мен жер-суды тануының нәтижесі.
Сведения
- Журнал
- Turkic Studies Journal
- Опубликовано
- 2025 · Т. 7, № 3, С. 76-105
- Язык
- Казахский
- ISSN
- 2664-5157 · 2708-7360
- Издатель
- L. N. Gumilyov Eurasian National University