Central AsianResearch Index

Ортағасырлық Нөгербек қаласы: археологиялық және палеоэкономикалық зерттеулер нәтижелері

Мақалада Ұлытау өңіріндегі ортағасырлық Нөгербек-Дарасы қаласына жүргізілген археологиялық және палеоэкономикалық зерттеулердің нәтижелері талданады. Ескерткішті археологиялық тұрғыдан алғашқы зерттеген ғалымдар академик Ә.Х. Марғұлан мен С. Жолдасбаев болып табылады. 2015-2017 жж. Ә.Х.Марғұлан атындағы Археология институтының ғылыми қызметкері Ғ. Ахатов қазба жұмыстарын жүргізді. Мақалада 2018 жылы жүргізілген далалық қазба жұмыстарының және одан кейінгі кезеңде орындалған зертханалық талдаулардың нәтижелері ұсынылады (жетекшісі: Ж.Р. Утубаев). Керамикалық материалдарға морфологиялық талдау жүргізіліп, ыдыстардың шаруашылық және асханалық мақсатта пайдаланылғаны анықталды. Қыш ыдыстардың басым бөлігі, яғни 83%-ы дәстүрлі жапсырма әдісімен жасалып, ашық отта күйдірілген. Ал арнайы шарықта ұқыпты дайындалған қыш ыдыстар 17 пайызды құрады. Ыдыстар пайдалану мақсаттарына қарай төмендегіше жіктелді: құмша – 3%, көзе – 21%, құмыра – 14%, асханалық шағын құмыра – 52%, саптыаяқ – 3%. Олар өз ішінде бірнеше түрлерге бөлінді. Аталмыш ыдыстардың ішінде шаруашылық мақсаттағы көзе және асханалық ыдыстар тобындағы шағын құмыра ыдыстарының пайызы басым. Қазба барысында тіркелген қыш ыдыстардың жақын баламаларын Сырдарияның төменгі ағысындағы ортағасырлық қалалардан жиі кездестіруге болады. Соның ішінде пішіні мен ыдыс беттеріне түсірілген өрнек, белгі түрлері Жанкент қаласындағы қыш ыдыстарға өте жақын екендігі анықталды. Ыдыстардың пішіндік және технологиялық ерекшеліктері олардың жергілікті өнім екендігін дәлелдей түседі. Сондай-ақ зерттеу нәтижелері ортағасырлық қалалық мәдениеттің тұрмыс-тіршілігі, шаруашылық құрылымы жөнінде маңызды деректер ұсынады. Археозоологиялық талдаулар барысында остеологиялық материалдардың жануар түрі бойынша таксономиялық құрамы анықталып, үй жануарларының анатомиялық құрамы, қаңқа бөліктері, жас ерекшеліктері, тұрғындардың етті тұтыну мөлшері, сүйектердегі бірқатар модификациялық өзгерістер және патологиялар анықталды. Жиыны 503 сүтқоректілерге тиесілі элементтер зерттеліп, оның ішінде 404 (80,3%) сүйек нақты түрге дейін ажыратылды. Остеологиялық материалдардың құрамында үй жануарларының сүйектері басым (98,5%), сонымен қатар жабайы жануарлардың сүйектері де (1,5%) кездесті. Жабайы фаунаның құрамында ақбөкен (Saiga tatarica) және қабан (Sus scrofa) секілді жұптұяқтылардың сүйектері кездесіп отыр. Үй жануарлары қалдықтарының арасында уақ малдың сүйектері басым (35,9%). Екінші орында – жылқы (33,2%), үшінші орында – ірі қара сүйектері (28,4%). Аз мөлшерде түйе сүйектері мен иттің қаңқа қалдықтары кездесті. Уақ малдың басым бөлігі 1,5-2,5 жас аралығында көбірек сойылғаны байқалды. Ірі қараны 2,5 жастан асқанда көбірек етке пайдаланған. Жылқылар 10 жастан асқанда етке пайдаланылған.

Сведения

Опубликовано
2025 · Т. 7, № 3, С. 26-52
Язык
Казахский
ISSN
2664-5157 · 2708-7360
Издатель
L. N. Gumilyov Eurasian National University