Central AsianResearch Index

Қытайдағы қазақтар тіліндегі топикализация стратегиялары

Мақала түркі тілдерінде аз зерттелген топикализация немесе тақырып/ремалық («рема» – «комментарий» ұғымын білді[1]реді) бағытты зерттеуге арналған. Топикализация мәтінді лингвистикалық талдаудың бір тәсілі ретінде көптеген тілдерде, соның ішінде түркі тілдерінде де қолданылады. Мақалада Қытайда тұратын қазақтардың сөйлем құрылымындағы топикализация мәселесі жан-жақты қарастырылады. Топикализация – тыңдаушы мен оқырманның назарын белгілі бір компонентке аудару және ақпаратты ұйымдастыру үшін сөйлемнің жекелеген бөліктерін айқындайтын маңызды лингвистикалық құбылыс болып табылады. Зерттеу барысында автор қазақ тіліндегі топикализация маркер[1]лерін анықтайды: грамматикалық маркерлер (сөз тәртібінің өзгеруі, арнайы демеуліктер), просодикалық маркерлер (интонация, үзіліс) және синтаксистік маркерлер (солға қарай ығысу, постпредикаттық топик). Түркі тілдеріндегі сөйлем құрылымында топикализация маркерлерінің маңызын ашу үшін автор бұл құбылысты тарихи көне түркі тілдері (Орхон руникалық және көне ұйғыр жазбалары) мен қазіргі түркі тілдері (түрік және ұйғыр) негізінде қарастырады. Автор Қытайдағы қазақтардың тілдік жүйесіне қытай, ұйғыр және басқа да тілдердің әсер ететінін атап өтеді. Сондықтан Қытайдағы қазақтардың тіліндегі топикализация маркерлерін ұйғыр, қытай және қазіргі қазақ тілдерімен салыстырмалы түрде талдайды. Мақалада морфосинтаксистік тәсілдер арқылы топикті білдіру жолдары мен топик шегін айқындаудағы просодикалық маркерлердің рөлі және ‘γoy’, ‘wözị’, ‘bolsa’, ‘degen’ сынды грамматикалық маркерлер арқылы топикализацияның көрінісі жан-жақты қарастырылған. Сондай-ақ, «тақырып-комментарий» құрылымдары да талданып, дискурстағы топик маркерлерінің прагматикалық қызметі сипатталған.Зерттеу нәтижелеріне сәйкес Қытайдағы қазақ тілі мен Қазақстандағы қазақ тілінің арасында аздаған айырмашылықтар да бар екенін, олардың негізінен синтаксистік құрылымдар мен просодикалық бірліктерге қатысты байланысы бар екенін көрсетті. Просодикалық тұрғыда қазақ тіліндегі топик маркерлері интонация мен үзіліс арқылы көрініс табады, бұл барлық түркі тілдеріне тән типологиялық көрсеткіш болып табылады.Постпредикаттық топикализация жүйелі сипатқа ие емес. Бір сөйлемде бірнеше топик маркерленуі мүмкін, бірақ бұл қатаң грамматикалық ереже болып саналмайды.Зерттеу барысында ұзақ мерзімді тілдік байланыстардың нәтижесінде Қытайдағы қазақ тілінде кейбір байланыс әсерлері қалыптасқан, алайда оның негізгі грамматикалық жүйесі стандартты қазақ тіліне жақын күйінде сақталғаны да анықталды. Бұл зерттеу Қытайдағы қазақ тілі ерекшеліктерін түсінуге және түркі тілдеріндегі ақпараттық құрылымды зерделеуге елеулі үлес қосары сөзсіз.

Сведения

Опубликовано
2025 · Т. 7, № 3, С. 147-165
Язык
Казахский
Цитирований
1
ISSN
2664-5157 · 2708-7360
Издатель
L. N. Gumilyov Eurasian National University