Жол-көлік жарақаттануын азайту құралы ретінде айыппұл ұпайлары: халықаралық тәжірибе және Қазақстан Республикасында енгізу перспективалары
Мақалада Қазақстан Республикасында жол қозғалысы саласындағы құқық бұзушыларға әкімшілік ықпал ету тиімділігін арттыру мәселесі қарастырылады. Ресми статистикалық деректерді талдау негізінде қолданыстағы айыппұлдарға негізделген жүйенің, әсіресе құқық бұзушылықты қайталап жасайтын жүргізушілерге қатысты, жеткілікті превентивтік әсер бермейтіні анықталды. Зерттеудің мақсаты – айыппұл балдары жүйесінің халықаралық тәжірибесін салыстырмалы талдау және оны Қазақстанда енгізу бойынша ғылыми негізделген ұсыныстар әзірлеу. Зерттеу әдіснамасы салыстырмалы-құқықтық, статистикалық, жүйелік және формальды-құқықтық әдістерге негізделген. Германия, Франция, Италия, сондай-ақ Өзбекстан мен Украинадағы балдық жүйелерге талдау жүргізіліп, олардың негізгі қағидаттары анықталды: жинақтаушы сипат, жауапкершіліктің бұлтартпастығы, құқық бұзушылықтарды саралау және ынталандыру тетіктерінің болуы. Зерттеу нәтижесінде Қазақстан жағдайына бейімделген айыппұл балдары жүйесінің тұжырымдамалық моделі ұсынылды. Бұл модель eGov цифрлық платформасымен интеграцияны, құқық бұзушылықтардың ауырлығына қарай балл есептеу шкаласын, құқық бұзушылықсыз жүргізгені үшін ынталандыру жүйесін және құқық бұзушыларға кезең-кезеңімен әсер ету механизмін қамтиды. Ғылыми жаңалығы – жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуде жазалау-фискалдық тәсілден тәрбиелік-превентивтік тәсілге көшуге бағытталған кешенді модельді әзірлеу болып табылады. Ұсынылған жүйені енгізу құқық бұзушылықтардың алдын алу тиімділігін арттыруға, жол-көлік оқиғалары салдарынан болатын жарақаттануды азайтуға және қоғамдық қауіпсіздікті нығайтуға мүмкіндік береді.
Сведения
- Опубликовано
- 2026 · Т. 155, № 2, С. 115-126
- Язык
- Казахский
- ISSN
- 2616-6844 · 2663-1318
- Издатель
- L. N. Gumilyov Eurasian National University