ЖЫЛЫЖАЙДА МИНЕРАЛДЫ ЖҮН МЕН КОКОС ТАЛШЫҒЫН СУБСТАРТ РЕТІНДЕ ҚОЛДАНУДЫҢ ХИМИЯ-АГРОНОМИЯЛЫҚ БАҒАСЫ
Зерттеу жұмысы жылыжай жағдайында өсімдіктерді өсіруге арналған минералды жүн мен кокос талшығы субстраттарының химиялық және агрономиялық тиімділігін кешенді салыстыруды мақсат етеді. Зерттеу өзектілігі топырақ ресурстарының сарқылуы, тұздану мен эрозия процестерінің жыл сайын күшеюі, агроэкожүйелердің табиғи құнарлылығының төмендеуі және ауыл шаруашылығында экологиялық орнықты технологияларды қолдану қажеттілігімен анықталады. Қазіргі кезде көптеген аймақтарда топырақтың құрылымы бұзылып, органикалық заттардың қоры азаюда, бұл ауыл шаруашылығы өнімділігінің тұрақсыздығына алып келеді. Сонымен қатар жылыжай шаруашылығында топырақты бірнеше маусым қатар қолдану оның физикалық қасиеттерінің нашарлауына, патогендердің көбеюіне және қоректік элементтердің тез сарқылуына әкеледі. Мұндай жағдайда баламалы субстраттарды пайдалану - өнімділікті арттырумен қатар, табиғи топыраққа түсетін қысымды азайтып, агроөндірістің экологиялық тиімділігін көтерудің негізгі жолдарының бірі. Сондықтан минералды жүн мен кокос талшығы сияқты жасанды және табиғи субстраттарды ғылыми тұрғыдан салыстыру топырақ ресурстарын үнемдеу, экологиялық жүктемені азайту және тұрақты агротехнологияларды енгізу үшін маңызды ғылыми міндет болып табылады. Жұмыстың негізгі мақсаты - екі субстраттың өсімдік физиологиясы мен өнімділігіне әсерін бағалап, оларды дәстүрлі бақша топырағымен салыстыру арқылы жылыжай шаруашылығына тиімді, тұрақты және экологиялық қауіпсіз субстратты айқындау. Зерттеу барысында субстраттардың қышқылдық-негіздік көрсеткіші (pH), бастапқы тұздылығы (титрлеу әдісі), су ұстау қабілеті, қышқыл мен сілтіге әсері және құрылымдық ерекшеліктері анықталды. Микрожасылдар үлгісінде өсімдіктің өсу қарқыны, биомасса жинақталуы және тамыр жүйесінің дамуы агрономиялық тұрғыдан бағаланды. Нәтижелер кокос субстратының жоғары ион алмасу сыйымдылығы, ылғал сақтау тұрақтылығы және табиғи микроқұрылымы өсімдік өсуін айтарлықтай жеделдететінін көрсетті. Минералды жүн субстраты басқаруға ыңғайлы болғанымен, оның биологиялық ыдырамауы мен қайта қолдануға жарамсыздығы және экологиялық жүктемесі маңызды шектеу болып табылады. Жалпы қорытынды — кокос субстраты экологиялық қауіпсіздігі, физикалық-химиялық тұрақтылығы және агрономиялық артықшылықтары бойынша жылыжай шаруашылығына ең тиімді субстрат ретінде ұсынылады.
Сведения
- Опубликовано
- 2026 · Т. 466, № 1
- Язык
- Казахский
- ISSN
- 2224-5286 · 2518-1491
- Издатель
- Central Asian Academic Research Center LLP