ЖАМБЫЛ ОБЛЫСЫНЫҢ АГРОҚАЛДЫҚТАРЫ НЕГІЗІНДЕ НАНОЦЕЛЛЮЛОЗАЛЫҚ БИОКОМПОЗИТТЕРДІ АЛУ ЖӘНЕ ОЛАРДЫҢ ҚАСИЕТТЕРІН ЗЕРТТЕУ
Жұмыста Жамбыл облысында өсірілген жоңышқа сабанынан алынған наноцеллюлоза негізінде функционалданған биокомпозициялық мембраналарды алу және олардың бактерияға қарсы қасиеттерін зерттеу қарастырылды. Зерттеудің мақсаты – ауыл шаруашылығы қалдықтарын жоғары қосылған құны бар көпфункционалды материалдарға айналдыру және наноцеллюлоза матрицасының функционалдық мүмкіндіктерін кеңейту. Наноцеллюлоза сілтілік өңдеу, қышқылдық тазарту және ағарту сатыларын қамтитын сатылы химиялық әдіспен алынды, ал мембраналар ерітінділік құю тәсілі арқылы қалыптастырылды. Инфрақызыл спектроскопия нәтижелері алынған целлюлозаның полисахаридтік құрылымының сақталғанын және целлюлозаға тән функционалдық топтардың бар екенін көрсетті. Наноцеллюлоза матрицасына графен, мыс нанобөлшектері және полианилин енгізу нәтижесінде тығыз құрылымды және біртекті композициялық мембраналар түзілді. Функционалды компоненттердің наноцеллюлоза торында біркелкі таралуы көпкомпонентті жүйеде синергетикалық әсердің қалыптасуына мүмкіндік берді. Мембраналардың бактерияға қарсы белсенділігі Staphylococcus aureus және Escherichia coli тест-дақылдарына қатысты дискілік диффузия әдісімен бағаланды. Функционалданған мембраналар микроорганизмдердің өсуін тиімді тежейтінін көрсетті, ал таза наноцеллюлоза үлгілерінде бактерияға қарсы әсер байқалмады. Алынған нәтижелер наноцеллюлозаның функционалды наноқұрылымдарды бекітуге қабілетті әмбебап матрица екенін және көпкомпонентті композициялық жүйелердің қасиеттерін бағытталған түрде реттеуге мүмкіндік беретінін дәлелдейді. Ұсынылған тәсіл ауыл шаруашылығы қалдықтарын терең өңдеуге негізделген экологиялық қауіпсіз антимикробтық материалдар алуға бағытталған және оларды биомедициналық жабындарда, белсенді қаптама материалдарында және мембраналық технологияларда қолдануға перспективалы болып табылады.
Сведения
- Опубликовано
- 2026 · Т. 466, № 1
- Язык
- Казахский
- ISSN
- 2224-5286 · 2518-1491
- Издатель
- Central Asian Academic Research Center LLP