Central AsianResearch Index

V725 TAU СИМБИОТИКАЛЫҚ ОБЪЕКТІСІН ФОТОМЕТРЛІК ЗЕРТТЕУ

Бұл зерттеу жұмысы рентгендік қос жұлдыздар жүйесінің ерекше класына жататын V725Tau (A0535+26) объектісіне жүргізілген кешенді фотометрлік талдау нәтижелерін ұсынады. Зерттеудің негізгі мақсаты - объектінің 2025 жыл мен 2026 жылдың қаңтар-ақпан айлары аралығындағы фотометрлік көрінісін беру, оның жарықтылық динамикасын бақылау және белсенділік фазаларын анықтау болып табылады. Мақалада В.Г. Фесенков атындағы Астрофизика институтының (FAI) бақылау мәліметтері негізінде V725Tau қос жүйесінің B және V сүзгілеріндегі жарықтылық өзгерістері жан-жақты қарастырылған. Зерттеу барысында объектінің тарихи деректері мен соңғы жылдардағы фотометрлік көрсеткіштеріне салыстырмалы талдау жасалып отыр. 2025 жылдың қаңтары мен 2026 жылдың ақпаны аралығындағы бақылаулар жүйенің жарықтылық деңгейінің белгілі бір қалыпты деңгейде сақталғанын, бірақ жүйелі тербелістердің бар екенін көрсетті. Алынған деректер мен All-Sky Automated Survey for Supernovae (ASAS-SN) және American Association of Variable Star Observers (AAVSO) базаларының мұрағаттық мәліметтерін салыстыру нәтижесінде объектінің қазіргі уақытта жаңа белсенді фазаға өту алдындағы күйде тұрғаны дәлелденді. Бұл болжам Ве-дискісінің эволюциясымен, эмиссиялық сызықтардың күшеюімен және де нейтрондық жұлдызбен әрекеттесуімен байланыстырылады. Жұмыстың ғылыми маңыздылығы рентгендік қос жүйелердегі зат алмасу, аккрециялық дискілердің қалыптасуы және жұлдыз маңындағы ортаның динамикасын түсіндіруде жатыр. Зерттеу нәтижелері рентгендік қос жүйелердің физикалық параметрлерін нақтылауға және олардың болашақтағы «алып жарқылдарын» (giant outbursts) болжауға мүмкіндік береді. Осылайша, V725Tau (A0535+26) рентгендік қос жүйесін тұрақты түрде фотометрлік бақылау жасау астрофизикалық процестерді зерттеу кезіндегі өте маңызды ақпарат көзі болып келеді.

Сведения

Журнал
REPORTS
Опубликовано
2026 · Т. 1, № 357
Язык
Казахский
ISSN
2224-5227 · 2518-1483
Издатель
Central Asian Academic Research Center LLP