ЭЛЕКТРОМАГНИТТІК ӨРІСТІ ТЕРМОДИНАМИКАЛЫҚ БАСТАМАЛАР ТҰРҒЫСЫНДА ЗЕРТТЕУ
Максвеллдің электромагниттік өріске арналған теңдеулерінің мүмкіндіктері мен энергияға қатысты кемшілік тұстарына талдау жасай отырып, бұл теңдеулердің ауқымы термодинамикалық бастамаларға негізделеген зерттеулер арқылы кеңейтілді. Жылу мен жұмысқа арналған эквиваленттілік принципін тепе–теңсіздік жүйелерге қолдану идеясына сәйкес нақтылы процестердің қуаттылық теориясы деп аталатын энергодинамикалық көзқарас арқылы ток тасымалданатын тұйық жүйедегі энергия түрленулері теориялық тұрғыда зерттелді. Жүйені сипаттайтын параметрлердің өзгеру себептерін қажет етпейтін бұл көзқарас бойынша стационарлы емес процестер кезіндегі энергияның барлық түрінің пайдалы энергияға түрленуі дәлелденді. Мақаланың зерттеу әдістері бөлімінде энергодинамиканың мүмкіндіктері мен өзектілігі жан–жақты ашылып көрсетілді және оның мақала тақырыбына қатыстылық шарттары сараланды. Энергодинамиканы қолданып электромагниттік өрістің бірде бір теңдеуінің көмегенсіз Максвеллдің электродинамикасы тогы бар жүйедегі заряд пен токтың атқаратын алты түрлі жұмыстарымен толықтырылды. Электромагниттік өрістің термодинамикалық қасиеттерін ашу мақсатында сыртқы электр және магнит өрістеріндегі қозғалмай тұрған жүйенің бірлік көлемінде жинақталған энергия энергодинамикалық қатынас арқылы қарастырылды. Электр және магнит өрістерінің энергиялары бір–біріне түрленген кезде жүйенің энергиясы мен энтропиясын өзгертпейтін энергия қуаттарының арасында баланс бойынша электр қозғаушы күш пен магниттік қозғаушы күштердің өрнектері шығарылып көрсетілді. Теориялық зерттеулер кезінде электрөткізгіштік жағдайындағы джоульдік шығындар ескерілген жоқ, сонымен бірге қуаттар арасындағы баланс жүйенің барлық жекелеген бөліктері үшін орындалады деп есептелді. Аталған шарттарсыз дифференциалдық түрдегі теңдеулерге өту мүмкін болмай қалар еді. Энергодинамиканың негізгі теңдеуіндегі секілді алынған теңдеулердің Максвелл теңдеулерінен айырмашылығы бұларда векторлық шамалардың уақыт бойынша толық туындылары қарастырылған.
Сведения
- Журнал
- REPORTS
- Опубликовано
- 2026 · Т. 1, № 357
- Язык
- Казахский
- ISSN
- 2224-5227 · 2518-1483
- Издатель
- Central Asian Academic Research Center LLP