ЭТНОМӘДЕНИ БІРЛІКТЕРДІ ОРЫС АУДИТОРИЯСЫНДА ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ АРҚЫЛЫ ОҚЫТУ: АУДАРМАДАҒЫ СӘЙКЕССІЗДІКТЕРМЕН ЖҰМЫС
Орыс тілді аудиторияда этномәдени бірліктерді меңгерту қазақ тілін оқытуда өте маңызды рөл атқарады. Себебі мұндай бірліктер қазақ халқының ұлттық құндылықтарын, дүниетанымын, тарихи жады мен мәдени тәжірибесін бейнелейді. Этномәдени бірліктердің мағынасын дұрыс түсіну мәдениетаралық құзыреттіліктің дамуына ықпал етіп, коммуникативтік тиімділікті арттырады. Соңғы кездері аударма ісінде жасанды интеллект кеңінен қолданылғанымен, олар үнемі қазақ тілінің ұлттық ерекшелігін танытатын этномәдени мазмұнына тиісті мәдени контексті дәл бере бермейді. Соның нәтижесінде семантикалық реңктердің жоғалуы, мәдени мағыналардың бұрмалануы және мәдениетаралық сәйкессіздіктердің орын алуы кездесіп жатады. Бұл білім алушылардың машиналық аудармалардың қателерін дұрыс анықтап, ажырата алмау, сыни тұрғыдан бағалай алмауына әкелуі ықтимал. Ұсынылып отырған зерттеу жұмысының мақсаты – орыс тілді студенттердің жасанды интеллект жүйелері арқылы аударылған этномәдени бірліктердің қателерін анықтау және түзету қабілетін бағалау және дамытуға бағытталған әдістемелік тәсілдерді қарастыру. Зерттеуде этномәдени бірліктерді ЖИ арқылы аударуда кездесетін қате түрлері сарапталып, машиналық аудармаларға (Google, Yandex және ChatGpt) лингвомәдени және салыстырмалы талдау жүргізіледі. Нәтижеде ЖИ жүйелерінің мәдениетке тәуелді мағыналарды жеткізудегі әлсіз тұстары анықталып, ЖИ арқылы жасалған этномәдени бірліктердің аудармаларында прагматикалық, семантикалық, және мәдени сәйкессіздіктер бар екені дәлелденді. Зерттеу барысында студенттердің аналитикалық ойлау, сыни бағалау, аударманы түзету дағдыларын жетілдіруге бағытталған тапсырмалар әзірленді. Ұсынылған тапсырмалар білім алушылардың қателерді талдау, салыстыру, мәдени контексті ескеру, түзете отырып қайта жазу түрінде құрастырылды. Бұл тәсіл білім алушылардың аудармадағы мәдени мағынаны саналы түрде түсінуін күшейтеді. Зерттеу нәтижелері білім алушылардың лингвомәдени құзыреттілігін дамытуға, қазақ тілін екінші тіл ретінде оқыту әдістемесін жетілдіруге, сыни тұрғыда баға беруге, тілдік білім беруде жасанды интеллект технологияларын (ЖИ) тиімді әрі дұрыс қолдануға ықпал етуі мүмкін.
Сведения
- Опубликовано
- 2026 · Т. 423, № 5
- Язык
- Казахский
- ISSN
- 1991-3494 · 2518-1467
- Издатель
- Central Asian Academic Research Center LLP