Central AsianResearch Index

ХИМИЯ ПӘНІНДЕ ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ ҚҰРАЛДАРЫН ҚОЛДАНУ АРҚЫЛЫ ТӘЖІРИБЕЛІК САБАҚТАРДЫ ТИІМДІ ҰЙЫМДАСТЫРУ

Қазіргі цифрлық білім беру жағдайында химия пәнінің тәжірибелік сабақтарын ұйымдастыруда жасанды интеллектіні қолдану білім алушылардың оқу жетістігін арттырудың маңызды бағыттарының бірі болып табылады. Осы зерттеудің мақсаты – химия пәнінің тәжірибелік сабақтарын ұйымдастыруда жасанды интеллект құралдарын қолданудың студенттердің оқу жетістігіне, пәнге қызығушылығына және тәжірибелік тапсырмаларды орындауына әсерін анықтау. Зерттеу барысында виртуалды зертханалар жасанды интеллект құралдарын қолдайтын цифрлық ресурс ретінде пайдаланылды. Зерттеу аралас әдістерге негізделген квази-эксперименттік pretest–posttest дизайны бойынша жүргізілді. Зерттеуге химия мамандығының бірінші курсында оқитын 44 студент қатысты, олар эксперименттік және бақылау топтарына бөлінді. Эксперименттік топта ChatGPT, Gemini, Claude, Microsoft Copilot, Avogadro, ChemSketch, MolView, PhET Interactive Simulations, ChemCollective, WolframAlpha, Kahoot және Quizlet платформалары қолданылса, бақылау тобында дәстүрлі оқыту әдістері пайдаланылды. Зерттеу нәтижелері цифрлық құралдарды кешенді қолдану студенттердің оқу жетістігін едәуір жақсартқанын көрсетті. Эксперименттік топтың оқу жетістігі 68,59-дан 75,64-ке дейін статистикалық тұрғыдан мәнді артты (p < 0,001), ал бақылау тобында бұл көрсеткіш 66,05-тен 68,64-ке дейін өсті (p < 0,001). Сонымен қатар posttest нәтижелері бойынша эксперименттік топтың көрсеткіші бақылау тобынан статистикалық тұрғыдан мәнді жоғары болды (p < 0,001). Сауалнама нәтижелері бойынша студенттердің 85%-ы жасанды интеллект құралдарының химиялық ұғымдарды түсінуді жеңілдеткенін, 81%- ы пәнге қызығушылығын арттырғанын, ал 78%-ы тәжірибелік тапсырмаларды орындауды жеңілдеткенін атап өтті. Алынған нәтижелер жасанды интеллект құралдары мен виртуалды зертханаларды кешенді қолдану теориялық білім мен тәжірибелік әрекетті тиімді ұштастырып, студенттердің оқу жетістігін, тәжірибелік дағдыларын және цифрлық құзыреттілігін дамытуға ықпал ететінін көрсетті. Зерттеу қорытындылары жоғары оқу орындарында химия пәнін оқыту әдістемесін жетілдіру және цифрлық технологияларды оқу үдерісіне ғылыми негізде енгізу үшін практикалық мәнге ие.

Сведения

Опубликовано
2026 · Т. 423, № 5
Язык
Казахский
ISSN
1991-3494 · 2518-1467
Издатель
Central Asian Academic Research Center LLP