Central AsianResearch Index

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ЕҢБЕК НАРЫҒЫНЫҢ ДАМУЫНА ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ҮДЕРІСТЕРДІҢ ӘСЕРІ

Қазақстан Республикасында инвестициялық үдерістердің еңбек нарығына ықпалын бағалау қазіргі кезеңде ерекше өзекті, өйткені капитал салымдарының өсуі әрдайым жұмыспен қамтудың кеңеюіне және халық табысының тұрақты артуына тікелей әкелмейді. Осы зерттеудің мақсаты – 2021–2025 жылдар аралығындағы ресми статистикалық деректер негізінде инвестициялық үдерістер мен еңбек нарығы көрсеткіштері арасындағы өзара байланысты кешенді талдау. Зерттеудің эмпирикалық базасын Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының деректері құрады. Зерттеу барысында статистикалық, салыстырмалы, құрылымдық, динамикалық және аналитикалық талдау әдістері қолданылды. Сонымен қатар инвестициялар мен жұмыспен қамту арасындағы байланысты тереңірек бағалау үшін эластикалылық коэффициенті есептелді. Нәтижелер 2021–2025 жылдары негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 71,7%-ға артқанын, алайда жұмыспен қамтылған халық санының өсімі 5,6%-бен шектелгенін көрсетті. Жұмыспен қамтудың инвестицияларға қатысты эластикалылығы 0,078 деңгейінде қалыптасты, бұл инвестициялық өсімнің еңбек нарығына әлсіз трансформацияланатынын білдіреді. Инвестициялардың басым бөлігі өнеркәсіп, көлік, жылжымайтын мүлік және құрылыс сияқты капиталсыйымды секторларға бағытталғаны анықталды. Ал білім беру, денсаулық сақтау, туризм және өзге де еңбек сыйымдылығы жоғары салалардағы инвестиция үлесі төмен болып қалды. Зерттеу нәтижелері инвестициялық белсенділіктің экономикалық өсімге оң әсер еткенін, бірақ оның еңбек нарығына ықпалының құрылымдық шектеулерге тәуелді екенін көрсетті. Зерттеу қорытындылары инвестициялық саясаттың тиімділігін бағалауда капитал көлемімен қатар оның әлеуметтік-еңбек қайтарымын да ескеру қажеттігін дәлелдейді.

Сведения

Опубликовано
2026 · № 3, С. 510-528
Язык
Казахский
ISSN
1991-3494 · 2518-1467
Издатель
Central Asian Academic Research Center LLP