ЖАЙЛЫ МЕКТЕП - ҚОҒАМ - УНИВЕРСИТЕТ СЕРІКТЕСТІГІ НЕГІЗІНДЕ БІЛІМ САПАСЫН АРТТЫРУДЫҢ ПЕДАГОГИКАЛЫҚ МОДЕЛІ
Қазақстандағы білім беру жүйесінің қазіргі трансформациясы жағдайында жалпы орта білім беру сапасын арттыру тек инфрақұрылымды жаңарту және оқу мазмұнын жетілдірумен ғана емес, сонымен қатар білім беру үдерісіне қатысатын негізгі институционалдық субъектілердің жүйелі ықпалдастығымен байланысты. «Жайлы мектеп» тұжырымдамасын жүзеге асыру білім алушыға бағытталған қолайлы білім беру ортасын қалыптастыруға бағытталғанымен, оның тиімділігі мектептің әлеуметтік және академиялық ортамен өзара әрекеттесу деңгейіне тәуелді. Осы тұрғыда «жайлы мектеп - қоғам - университет» серіктестігін қалыптастыру білім сапасын арттырудың маңызды шарты ретінде қарастырылады. Зерттеудің мақсаты - аталған серіктестік негізінде білім сапасын арттыруға бағытталған педагогикалық модельді әзірлеу және ғылыми тұрғыдан негіздеу. Зерттеуде ғылыми әдебиеттерге теориялық талдау, модельдеу және эмпирикалық апробация элементтерін қамтитын аралас әдіснамалық тәсіл қолданылды. Web of Science, Scopus және Google Scholar дерекқорларындағы ғылыми еңбектерге талдау жүргізілді, сондай-ақ 120 білім алушы мен 15 педагогтың қатысуымен модельдің имитациялық енгізілуі жүзеге асырылды. Деректер 5 балдық Лайкерт шкаласы негізіндегі сауалнамалар және салыстырмалы талдау арқылы жиналды. Зерттеу нәтижелері ұсынылған модельді енгізу білім алушылардың оқу мотивациясын 27%-ға, үлгерімін 18%-ға арттыратынын, сондай-ақ сыни ойлау және бірлескен әрекет дағдыларының дамуына ықпал ететінін көрсетті. Институционалдық ықпалдастық пен академиялық нәтижелер арасында (r = 0,41, p < 0,01), сондай-ақ әлеуметтік белсенділік пен әмбебап құзыреттіліктердің дамуы арасында (r = 0,58, p < 0,001) статистикалық мәнді байланыстар анықталды. Зерттеудің ғылыми жаңалығы институционалдық, әлеуметтік және академиялық компоненттерді біріктіретін үш деңгейлі педагогикалық модельді әзірлеуде көрінеді. Практикалық маңыздылығы - модельді Қазақстанның білім беру ұйымдарында енгізу мүмкіндігімен айқындалады.
Сведения
- Опубликовано
- 2026 · Т. 420, № 2, С. 88-103
- Язык
- Казахский
- ISSN
- 1991-3494 · 2518-1467
- Издатель
- Central Asian Academic Research Center LLP