ФИШЕР-ТРОПШ СИНТЕЗІНІҢ Со-ҚҰРАМДЫ КАТАЛИЗАТОРЛАРЫНЫҢ ТАЛҒАМДЫЛЫҒЫ МЕН ТҰРАҚТЫЛЫҒЫНА АЛУ ӘДІСТЕРІНІҢ ӘСЕРІ
Қазіргі уақытта дүниежүзінің біріншілік энергияға деген сұранысының едәуір бөлігі күрделі экологиялық проблемаларды тудыратын және мұнай қорының сарқылуына әкелетін қазбалы отындар есебінен қанағаттандырылып отыр. Нәтижесінде жаңартылатын көздерден таза отын өндірісін дамытуға қызығушылық артуда. Фишер-Тропш синтезі (ФТС) көмірден, биомассадан немесе табиғи газдан алынатын синтездік газ негізінде синтетикалық отын алудың негізгі кезеңі болып табылады. Процесс әртүрлі типтегі реакторларда гетерогенді катализаторлардың қатысуымен жүреді. Фищер-Тропш синтезі катализаторларын дайындау үшін көбінесе кобальт пен темір қолданылады. Кобальт катализаторлары жоғары белсенділік, тұрақтылық көрсетеді, жанама реакцияларға қатысты белсенділігі төмен. Рутений катализаторлары өзінің жоғары тұрақтылығымен және төмен дезактивация жылдамдығымен белгілі, бірақ оны пайдалану жоғары құнымен және реактордың жоғары қысымының қажеттілігімен шектеледі. Сол себепті зерттеушілердің қызығушылығын тудырып отырған мәселелердің бірі синтез газдан спирттерді алуға негізделген катализатор үлгілерін құру және қасиеттерін зерттeу. Жұмыста Фишер-Тропш синтезіне негізделген Со-құрамды катализатор үлгісінің спирттерге талғамдылығы мен тұрақтылығына тасымалдағыш типінің әсері қарастырылған. Катализатор үлгілері қатты және жұмсақ темплаттар қатысында синтезделген. Жұмсақ темплат этиленгликольдің қатысында La мен Co әр түрлі ара қатынасында синтезделіп алынған үлгілер шартты түрде LCO-1, LCO-2 және қатты темплат кремний оксидті KIT-6 қатысында алынған үшінші үлгі LCO/KIT-6 деп белгіленді. Олардың қасиеттері РФТ, БЭТ, ПЭМ әдістері арқылы талданып, олардың спирттерге талғамдылығы мен реакциялық тұрақтылығы зерттелген. Зерттеу жұмысының нәтижелері, синтезделіп алынған катализатор үлгілерінің өнімдерге талғамдылығы мен тұрақтылығына оларды синтездеу жолымен қатар, темплат үлгілеріне де байланысты екендігін көрсетті.
Сведения
- Опубликовано
- 2025 · Т. 3, № 464
- Язык
- Казахский
- ISSN
- 2224-5286 · 2518-1491
- Издатель
- Central Asian Academic Research Center LLP