ФОСФИННІҢ СУЛЫ ЕРІТІНДЕРДЕГІ ЭЛЕКТРОХИМИЯЛЫҚ ҚАСИЕТТЕРІН ЗЕРТТЕУ
Зерттеудің мақсаты – бейтарап (натрий сульфаты) және сілтілі (натрий гидроксиді) орталардағы фосфиннің электрохимиялық қасиеттерін зерттеу және фосфор өндірісінің құрамында фосфині бар қалдықтарды өңдеудің электрохимиялық әдістерін жасау. Электрохимиялық зерттеулер циклдік анодтық-катодтық және анодтық потенциодинамикалық поляризациялық қисықтары мен гальваностатикалық жағдайларда электролизді тіркеу арқылы жүргізілді. Фосфиннің анодтық тотығу механизмі, Electrochemical Workstation Corrtest Instruments потенциостат/галваностат көмегімен циклдік анодтық-катодтық және анодтық потенциодинамикалық поляризациялық қисықтарын түсіру арқылы зерттелді. Зерттеу нәтижелері көрсеткендей, натрий сульфаты ерітіндісіндегі платина электродында фосфиннің тотығу максимумы шамамен +0,73В потенциалында анық байқалады. Натрий гидроксиді ерітіндісінде платина электродында фосфиннің анодты тотығуы әлсіз жалпақ максимум түрінде шамамен +0,03 В потенциалдар аймағында байқалады. Мыс электродындағы фосфиннің тотығу толқыны оттегі бөлінуінің асқын кернеулік потенциалына дейін байқалмайды, бірақ электролиз нәтижелері фосфиннің тотығуы мыс (I) фосфидінің түзілуімен жүретіндігін көрсетеді. Фосфин тотығуының ток бойынша шығымы мен тотығу дәрежесіне түйіршікті қорғасын электродтарындағы ток тығыздығының, электролит концентрациясының және қабат қалыңдығы биіктігінің әсерлері зерттелді. Натрий сульфаты ерітіндісінде түйіршікті қорғасын электродтарында фосфиннің анодты тотығуының оңтайлы шарттары анықталды, бұл кезде фосфиннің тотығуының ток бойынша шығымы мен тотығу дәрежесі сәйкесінше 69%және 72% құрады. Алынған зерттеу нәтижелерін фосфор өндірісінің құрамында фосфині бар қалдықтарды залалсыздандыруда қолдануға болады.
Сведения
- Опубликовано
- 2025 · № 2
- Язык
- Казахский
- ISSN
- 2224-5286 · 2518-1491
- Издатель
- Central Asian Academic Research Center LLP