Central AsianResearch Index

PARMELIA SULCATA ТАЛЛОМЫНДАҒЫ ФЕНОЛДЫ ҚОСЫЛЫСТАРДЫҢ ЖИЫНТЫҚ МӨЛШЕРІН САНДЫҚ АНЫҚТАУ

Дәрілік өсімдік шикізатының базасын кеңейту және оны медициналық практикада қолдану мүмкіндігін бағалау фармацияның маңызды міндеті болып табылады. Дәстүрлі және халықтық медицинада қолданылатын өсімдіктерді мақсатты зерттеу өсімдік шикізатының перспективалы түрлерін табудың негізгі тәсілдерінің бірі болып табылады. Фенолды қосылыстар – бензолды сақинаның көміртегі атомымен байланысқан бір немесе бірнеше гидроксил топтары бар ароматты табиғи қосылыстар. Құрылымдардың әртүрлілігі, жоғары және көп қырлы биологиялық белсенділік, сондай-ақ уыттылықтың төмен деңгейі, фенолды қосылыстарды ерекше құнды етеді. Осындай қасиеттердің арқасында олардың негізінде қабынуға, ісікке, микробқа қарсы және басқа емдік әсері бар жаңа тиімді дәрілік препараттарды жасауға болады. Parmelia sulcata ұзақ уақыт бойы дәстүрлі медицинада тері ауруларын (жаралар, кесулер) және тыныс алу жолдарының ауруларын (бронхит және суық тию) емдеу үшін қолданылған. Parmelia sulcata құрамында кездесетін уснин қышқылының бактерияға қарсы әсері жақсы зерттелген. Бұл қышқыл әсіресе Staphylococcus aureus, Escherichia coli және Mycobacterium tuberculosis секілді патогендерге қарсы белсенділік көрсетеді. Зерттеулер көрсеткендей, уснин қышқылы грам-позитивті бактериялардың (мысалы, Bacillus subtilis, Mycobacterium tuberculosis) жасуша қабырғасының құрылымын бұзып, олардың көбеюін тежейді. Алайда бұл өсімдік шикізатының фитохимиялық құрамы толық зерттелмеген. Бұл зерттеуде Parmelia sulcata қынасының талломындағы фенолды қосылыстардың мөлшері спектрофотометриялық әдісі арқылы анықталды. Зерттеу барысында спирт концентрациясы, экстракция уақыты, шикізат бөлшектерінің өлшемі, шикізат пен экстрагенттің арақатынасы сияқты факторлардың фенолды қосылыстардың жиынтық мөлшеріне әсері қарастырылды. Нәтижесінде ең тиімді экстрагент 70% этанол, ең тиімді шикізат бөлшек өлшемі 1,5 мм және ең тиімді бөліну уақыты 48 сағаттық экстракцияда анықталды. Шикізат пен экстрагенттің 1:100 арақатынасында фенолды қосылыстардың ең жоғары мөлшері анықталды. Сонымен қатар фенолды қосылыстардың фосформолибден және фосфорвольфрам қышқылдарыныңың қоспасымен реакцияласуына Na₂CO₃ концентрациясының және тотықтырғыш көлемінің әсері қарастырылған.

Сведения

Журнал
REPORTS
Опубликовано
2025 · Т. 4, № 356
Язык
Казахский
ISSN
2224-5227 · 2518-1483
Издатель
Central Asian Academic Research Center LLP