ФЛУОРЕСЦЕНТТІ ТАҢБАЛАНҒАН БИОПОЛИМЕРЛЕРДЕН ИНТЕРПОЛИЭЛЕКТРОЛИТТІК КОМПЛЕКСТІ СИНТЕЗДЕУ
Өзектілігі. Зерттеу жұмысында табиғи полимерлер натрий альгинаты мен хитозан коммерциялық үлгілерінен флуоресцентті таңбаланған полимерлер және интерполиэлектролитті комплекс (ИПЭК) алынды. Әдістер. Синтез барысында флуоресцеин изотиоцианаты және флуоресцеинамин бояғыштары қолданылды. Флуоресцентті таңбаланған полимерлердің және ИПЭК-тің түзілгендігі ИҚ-спектрометрия әдісі арқылы расталды. Полимерлердің топырақ қабатымен әрекеттесуін бағалау үшін реологиялық қасиеттері зерттелді. Флуоресцентті таңбаланған полимерлер мен ИПЭК-ті топырақ эрозиясына қарсы қолдану үшін олардың топыраққа еңу тереңдігімен cумен шайылу деңгейі зерттелді. Топырақтың беткі қабатында жабын түзілгендігі СЭМ микросуреттерімен дәлелденді. Негізгі тұжырымдар. Хитозанның амин тобы (–NH₂) мен флуоресцеин изотиоцианатының изотиоцианат тобы (=N=C=S) арасында тиомочевина-байланысы арқылы флуоресцентті таңбаланған хитозан түзілді. Ал, натрий альгинатының карбоксил топтары (-COO-) флуоресцеинаминнің амин топтарымен әрекеттесіп ковалентті амидтік байланыс (-CO–NH-) пайда болды. Флуоресцентті таңбаланған полимерлерден синтезделген ИПЭК-тің оңтайлы құрамы [2:8] мольдік қатынасты құрады. Хитозан, натрий альгинаты үлгілері және олардың негізінде синтезделіп алынған [1:9], [2:8], [3:7], [4:6] ИПЭК-тер псевдопластикалық ағысқа cәйкес ньютондық емес сұйықтықтарға жататындығы анықталды. Флуоресцентті таңбаланған полимерлердің топырақа еңу тереңдігі 21-23 мм құрады, және судың әсерінен топыраққа тереңірек өтіп, біртіндеп шайылатындығы байқалды. Керсінше флуоресцентті таңбаланған ИПЭК 2 мм қалыңдығымен топырақ жабының қалыптастырып сумен шайылмайтындығы байқалды. Топырақ полимерлі жабынының механикалық беріктігі бақылау нұсқасынан 19 есе жоғары болды. ИПЭК-пен өңдеу кезінде орман топырағының су эрозиясына төзімділігі 72%-ға, ал жел эрозиясына төзімділігі тиісінше 77%-ға жоғарылады. Практикалық құндылық. [Хитозан:натрий альгинаты] = [2:8] мольдік қатынасындағы ИПЭК-ті орманды топырақтың құрылымын жақсартуға арналған эрозияға қарсы құрылымдаушы ретінде ұсынуға болады.
Сведения
- Журнал
- REPORTS
- Опубликовано
- 2025 · № 3
- Язык
- Казахский
- ISSN
- 2224-5227 · 2518-1483
- Издатель
- Central Asian Academic Research Center LLP