БОЗОНДАР АРАСЫНДАҒЫ ӨЗАРА ӘСЕРЛЕСУДІҢ КВОЗИСПИНДІК ФОРМАЛИЗМІ ЖӘНЕ ОНЫҢ ЯДРОЛЫҚ ТЕОРИЯДАҒЫ ҚОЛДАНЫЛУЫ
Ядролық физика саласында нуклондар арасындағы күштердің табиғаты әлі күнге дейін толық ашылып біткен жоқ. Бұл күштер көпфакторлы және күрделі сипатта болғанымен, кейбір тұрақты заңдылықтар төмен энергиялы ядролық күйлер үшін тән. Ядролық жүйелердің негізгі қасиеттерін түсіндіру үшін нуклондардың орташа өрістегі қозғалысы мен олардың тиімді екіден әсерлесуі маңызды рөл атқарады. Осыған байланысты, нуклондар атомдық электрондар тәрізді энергетикалық деңгейлерге сәйкес келетін кванттық күй қабықтарында орналасып, күшті өзара әсерлер нәтижесінде жұптасып отырады. Соңғы онжылдықтарда ядролық құрылымдарды зерттеуде әсерлесуші бозондар моделін (ӘБМ) қолдану кең таралды. Бұл модель, әсіресе, ядролық спектроскопияда төмен энергиялы күйлерді сипаттау үшін ыңғайлы әрі тиімді әдістеме ретінде танылды. ӘБМ-нің қарапайым алгебралық формализмі мен физикалық тұжырымдамалары ядролық жүйелердегі коллeктивтік қозғалыстардың табиғатын сипаттауға үлкен мүмкіндік береді. Алғашқы теориялық үлгілерде ядроның деформациялық сипаттамалары ішкі құрылымдағы нуклондардың кеңістіктегі орналасуымен байланыстырылған болатын. Қазіргі түсінік бойынша, мұндай қозғалыстарды энергетикалық күйлер ретінде қарастыруға болады, олар ядро ішіндегі бозондар арасындағы өзара әсерлесудің нәтижесінде туындайды. Бүгінде ӘБМ ядролық құрылымды сипаттаудың жетекші құралдарының бірі ретінде қабылданған. Бұл модельдің негізінде тек s және d типті бозондардың әрекеттесуін ескеру арқылы ауыр ядролардың төменгі энергетикалық күйлерін сипаттау мүмкіндігі қарастырылады. Ядролық физиканың басты міндеттерінің бірі – көпнүктелі нуклондық жүйелердің әмбебап әрі ішкі логикасы үйлескен теориялық моделін қалыптастыру болып табылады. Себебі, мұндай жүйелер – табиғаттың іргелі элементтерінің бірі және оларды зерттеу тек іргелі ғылым үшін ғана емес, сонымен қатар, технологиялық және қолданбалы мақсаттар үшін де үлкен маңызға ие. Көп нуклонды жүйелердегі әсерлесу табиғатын түсіндіруге бағытталған әртүрлі теориялар ұсынылғанымен, олардың басым бөлігі бастапқыда феноменологиялық сипатта болған. Осындай феноменологиялық тәсілдердің ішінде әсерлесуші бозондар моделі айрықша орын алып, қазіргі заманғы тәжірибелік деректерді түсіндіруге және жаңа ғылыми-технологиялық міндеттерді шешуге пәрменді әдіс ретінде қалыптасты.
Сведения
- Журнал
- REPORTS
- Опубликовано
- 2025 · № 2
- Язык
- Казахский
- ISSN
- 2224-5227 · 2518-1483
- Издатель
- Central Asian Academic Research Center LLP