Central AsianResearch Index

ЖАСӨСПІРІМДЕРДІ ИНТЕРНЕТКЕ ТƏУЕЛДІЛІКТЕН АРЫЛТУДЫҢ ПЕДАГОГИКАЛЫҚ ШАРТТАРЫ

Мақалада жасөспірімдердің интернетке тәуелділігін еңсерудің педагогикалық шарттары ретінде, білім беру ұйымдары мен отбасылардың ынтымақтастығы негізіндегі іс-қимылдар қарастырылады. Интернет-тәуелділіктің жасөспірімдік шақтағы зардабының себеп-салдарлық байланыстары талданып, оның пайда болуының алғышарттары сипатталады. Тәуелділіктің болмыс шындығынан қашып, нақты өмірді ғаламтор кеңістігіндегі жасанды өмірмен алмасыру көрінісі, жасөспірімнің ата-аналар және педагогикалық назардан тыс қалуының себебі ретінде жорамалданады. Мәселені еңсерудің оңтайлы тәсілі ретінде интернет-тәуелділікті интернет-тиімділікке трансформациялау ұсынылады. Зерттеудің практикалық тәсілдері диагностикалық тексерулер, қалыптастыру эксперименті, өлшеу-бақылау процедуралары арқылы жүзеге асырылды. Эксперименттер Түркістан қаласындағы орта білім беру ұйымдарында жүргізілді. Сынақ жұмыстарына 105 жасөспірім қатысты. Диагностикалық тексеру сынақтары «Internet Addiction Test», «CIAS: Интернет-тәуелділік», «Компьютерлік тәуелділіктің скрининг-диагностикасы» әдістемелері арқылы жүргізілді. Қалыптастыру экспериментінде «Интернетсіз күн», «Тазалық күні», «Бастауыш балдырғандарына қамқорлық», «отбасыма қолқабыс» іс-шараларымен қатар, жүйелі түрде сенбіліктер, ұжымдық сұхбаттар, топтық талқылаулар, спорттық іс-шаралар, кітапхананың оқу залдарындағы ізденістер, өзара диалогтар ұйымдастырылып, өткізілді. Жасөспірімдердің бос уақытын тиімді ұйымдастыруға арналған мектептің әлеуметтік-педагогикалық қызметі отбасыларында жалғасты. Ата-аналар ғаламторды қолдану мәдениетін қалыптастыру үшін отбасына «интернет-детокс» ережелерін ендірді. Балаларымен бірге саяхаттау, ойындар ойнау, серуендеу, үй шаруасымен айналысу сынды іс-әрекеттерді атқару арқылы, перзенттерімен жақындасып, олардың өздері үшін қаншалықты құнды екендігін ұқты және балаларына ұқтырды. Мақсатты түрде, жоспарлы жүргізілген осындай іс-шаралардың нәтижесінде жасөспірімдердің интернет-тәуелділік деңгейлері едәуір төмендеді. Жүргізілген зерттеулер жасөспірімдерді интернетке тәуелділіктен арылтудың педагогикалық шарттарын айқындады: білім беру ұйымының стратегиялық бағдарынан бастап, күнделікті оқу-тәрбие іс-шараларына дейін оқушыны әлеуметтендіру, интернетті ақылмен пайдалану, уақытты тиімді ұйымдастыру, мүмкіндіктерді тура бағалау, күнделікті іс-әрекеттері мен мінез-құлықтары үшін жауапкершілік және болмыс шындығымен бетпе-бет келуді үйренуге бағдарлау.

Сведения

Опубликовано
2025 · Т. 418, № 6
Язык
Казахский
ISSN
1991-3494 · 2518-1467
Издатель
Central Asian Academic Research Center LLP