ШЕШЕНДІК ӨНЕР НЕГІЗІНДЕ ОҚУШЫЛАРДЫҢ ЭССЕ ЖАЗУ ДАҒДЫЛАРЫН ДАМЫТУ
Бұл зерттеу жұмысында шешендік өнерді үйрету негізінде білім алушылардың эссе жазу дағдысын дамытудың теориялық және әдістемелік мәселелері қарастырылады. Авторлар мектептегі білім алушылардың эссе жазу барысында эссенің кіріспе бөлімінде тезис жазу, жазылған тезис-ұсынбасын негізгі бөлімде дәйектеп-дәлелдеу сияқты қиындықтарын шешендік өнер теориясының ақыл-кеңес сөзі мен шешендік сөз үлгілері негізінде шешу жолдарына назар аударады. Жүйелі түрде Аристотель «Риторикасында», Ж.Дәдебаевтың шешендік өнер теориясына қатысты зерттеу еңбегінде көрсетілген ақыл-кеңес сөздің қос түрін төрт түрлі деңгейден тұратын тапсырмалар көмегімен 9-сыныптың білім алушыларына игертудің әдістері мен тәсілдері баяндалады. Сонымен қатар Ахмет Байтұрсынұлының шешен сөзді мәтіннің байымдама түріне жатқызатыны келтіріліп, байымдама мәтінінің бастама мен ұсынба, баяндама мен қорытпадан тұратын құрылымы кіріспе, кіріспедегі тезис, негізгі бөлім мен қорытындыдан тұратын эссенің құрылымына сәйкес келетіні салыстырыла дәлелденеді. Зерттеу жұмысында айтылатын пікірді санамалап жүйеге салудың қажеттілігі Жүсіп Баласағұнның, Әнет би Кішікұлы мен Қазыбек би Келдібекұлының, Бөлтірік шешен Әлменұлы мен Абай Құнанбайұлының сөздерін мысал келтіру негізінде дәйектеледі. Зерттеушілер білім алушылардың сыни ойлау, шығармашылық ойлау дағдыларын дамытуға бағытталған Жүсіп Баласағұнның «Құтты білік» шығармасынан бәйіттерді, Майқы би Төбейұлы айтқан нақыл сөздерді, Абай Құнанбайұлының «Ғылым таппай – мақтанба» өлеңінен үзінділерді пайдаланып, деңгейлік тапсырмаларды дайындаған. Құрастырылған тапсырмалар төрт деңгейден тұрады: репродуктивтік деңгей, алгоритмдік деңгей, эвристикалық деңгей, шығармашылық деңгей. Оқушылар репродуктивті деңгейде Абай Құнанбайұлының өлеңіне зерттеп, талдайды. Алгоритмдік деңгейде Жүсіп Баласағұн «Құтты білік» бәйіттерін талқыласа, үшінші деңгейде Майқы бидің нақыл сөздерін талқылайды. Ал шығармашылық деңгейде эссе жазады. Авторлардың деңгейлік тапсырмаларды құрастыруда оқушылардың шешендік өнердің көндіру сөзін меңгеруі шығармашылық деңгей жаттығуын орындауға қаншалықты тиімді болатынын айқындауға жіті назар аударған. Жаттығуларды деңгейлерге сәйкес білім алушылардың орындау кезеңі кестеде сипатталған. Сырттай бақылау әдісі мен құжатқа талдау жасау әдісі зерттеу әдістері ретінде пайдаланылған. Әдіснама негізінде жүргізілген эксперимент нәтижелері кесте мен диаграммаға түсірілген. Зерттеу жұмысының қорытындысында шешендік өнердің теориясына, шешендік сөз үлгілеріне негізделіп әзірленген деңгейлік жаттығуларды орындау арқылы оқушыларда эссе жазуға қажет болатын құзыреттіліктердің қалыптасуы мен дамуы сипатталған. Зерттеу жұмысы ҚР ҰҒК мақұлдаған АР 15473614 «Білім беру парадигмасындағы мәдени-тілдік құзыреттілік метатілдегі коннотация» тақырыбы аясында орындалған.
Сведения
- Опубликовано
- 2024 · Т. 411, № 5
- Язык
- Казахский
- ISSN
- 1991-3494 · 2518-1467
- Издатель
- Central Asian Academic Research Center LLP