Central AsianResearch Index

ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ДІН: ОТАРЛАУ МЕН КЕҢЕСТЕНДІРУ САЯСАТЫНДАҒЫ САБАҚТАСТЫҚ

Қазақстанда бірнеше ғасыр бойы үстемдік еткен ресейлік отаршылдық жүйе мен кеңестік тоталитарлық режим қазақ халқының ұлттық болмысы мен санасы, тілі мен дәстүрлі мәдениетімен қатар, ұстанған дініне де орасан зор нұқсан келтірді. Өзіндік көшпелі өркениеттік дағдысы мен менталитеті болған қазақ қоғамын дәстүрлі діннен айыру патшалық Ресейде де, атеистік кеңес өкіметінде де мақсатты түрде жүргізілді. Қазақ жерін отарлауды көздеген Ресей империясы қазақ діні мен тіліне аса назар аудара отырып, діни сенімнің негізгі ұғымдары мен бағыттарын, қағидаларын бұрмалау арқылы ұлттың санасын бірте-бірте жаулап алудың маңыздылығын, оны миссионерлер арқылы жүзеге асырудың қажеттігін түсінді. Яғни, бұл мақаладағы біздің айтпағымыз, дәстүрлік қазақ қоғамы, басқа да шығыстық ұлт-ұлыстармен қатар, отаршылдық үрдістерді бастан кешірді. Патшалық Ресейдің өз империясында жүргізген отаршылдығы тұтастай алғанда батыс әлемінің отаршылдығының құрамдас бөлігі болды. Бұл үрдіс КСРО тұсындағы тоталитарлық қоғамда жалғасын тапты және бұл екі формациялық құбылыстар ресми теориялық тұрғыда бірін-бірі теріске шығарғанымен, артта қалған аймаққа қатысты олардың арасында астыртын сабақтастық болды. Кезінде патшалық биліктің бюрократиялық аппаратының шенеуніктері жүргізген номенклатуралық әдіс-тәсілді кейіннен большевиктер мен коммунистер одан ары тереңдете жалғастырды. Кеңестік бейімдеу немесе зорлықпен модернизациялау мәжбүрлеп отырықшыландыру, индустриалдандыру және мәдени төңкеріс жолымен жүрді. Әсіресе, сталиндік режиммен сипатталатын ХХ ғасырдың 20-30-жылдары мен 50-жылдарының бас кезіндегі саяси қуғын-сүргін құрбандарың қатарында дәстүрлі дін өкілдерінің саны көп болды. Тарихтан тағылым алып, бұл жасалған қиянатқа мемлекеттік деңгейде баға беріп, тарихи әділетті қалпына келтіру – бұл келер ұрпақ алдындағы орасан зор жауапкершіліктен туындайды.

Сведения

Опубликовано
2022 · № 1, С. 252-260
Язык
Казахский
ISSN
1991-3494 · 2518-1467
Издатель
Central Asian Academic Research Center LLP