«Етіс» грамматикалық концептісін когнитивті аспектіде оқытудағы ұстанымдар
Мақалада «қатынас» концептін репрезентациялайтын қазақ тіліндегі етіс категориясын оқытуда басшылыққа алынатын ұстанымдар А.Байтұрсынұлы, Қ.Кемеңгерұлы, Қ.Жұбанов, Ы.Маманов, С.Исаев сынды ғалымдардың тұжырымдары мен эксперимент нәтижелері негізінде сипатталып, грамматикалық категорияның антропоөзектілік сипаты, қолданылу ерекшеліктері анықталады. Қатынас морфологияның түрлі деңгейлерінде концептуалданады. Морфологиялық жолмен берілетін басқа концептілер сияқты етіс жіктеуші сипатта болады. Ол белгілі бір жағдаятқа қатысушылардың субъектілі-объектілі қатынастарының сипаты туралы тілдік білімдерге негізделеді. Сөйлеуші түрлі етіс тұлғаларын қолдана отырып, жағдаятты қалай қабылдағанын білдіре алады, атауға ие болған зат не адамды бастауыш мәнінде не белсенді субъекті ретінде қолданылды. Яғни іс-әрекеттің бағытын білдіреді. Тілдегі актив және пассив құрылымдар ұлттық менталитетті танытатын құралдарға жатады. Адам объективті шындықты, ақиқат болмысты өзгертетін субъект ретінде көрінетін актив құрылымдар ұлттық болмысты таныта алады. Сондай-ақ пассив құрылымдар да ұлттық менталитеттің көрсеткіші болып табылады. Түрлі әлеуметтік-демографиялық топтан құралған информанттар арасында эксперименттер жүргізу арқылы жекелеген грамматикалық категорияларды (етіс) сөйлеушілердің қабылдау ерекшелігі, етіс семантикасының тілдік санадағы көрінісін, түсінік деңгейі анықталады. Қазақ тілді сөйлеушілердің тілдік санасында өздік, ырықсыз, ортақ етіс мазмұн межесі мен тұрпат межесі тұрғысынан толық қалыптасқаны, ал өзгелік етіс тұлғалары тілдік санада әлі орныға қоймағаны, оның себептері көрсетіледі. Грамматикалық категориялар концептуалдау және категориялау үдерістерінің нәтижесі екенін көрсете отырып, морфологиялық репрезентация арқылы грамматикалық категориялардағы ұлттық тілдің өзіндік ерекшеліктері айқындалады. Тіл – тек қатынас құралы ғана емес, адамды сол халықтың туабіткен толыққанды мүшесі ететін, әр адамды сол тілді пайдаланушы халықтың тұлғасы етіп шығаратын құдіретті күші екендігі мақалада айқын суреттеледі. Мақала OR 11465483 «Мемлекеттік тілді латынграфикалы ұлттық әліпбиге көшіруді қамтамасыз ететін жаңартылған нормативтік сөздіктер мен академиялық басылымдар сериясын әзірлеу» атты зерттеу жобасы аясында жазылды. Түйін сөздер: антропоөзектік, грамматикалық категория, қарым-қатынас, ұлттық ерекшелік.
Сведения
- Опубликовано
- 2022 · № 1, С. 125-133
- Язык
- Казахский
- ISSN
- 1991-3494 · 2518-1467
- Издатель
- Central Asian Academic Research Center LLP