Central AsianResearch Index

Қазақ тіліндегі «шаңырақ», «домбыра», «сандық» этномәдени бірліктерінің ассоциативтік құрылымы

Ұлттың салт-дәстүрі, мәдениеті, тарихы мен тағылымы оның тілінде көрініс табады. Қоғамның даму үдерісінде ұлттық құндылықтарды сақтау және көп мәдениетті, көп тілді ортадағы қазіргі ұрпақ санасында ұлттық құндылықтарды қалыптастыруға ықпал етуші факторлар мен олардың маңызын анықтау аса өзекті әрі қажет. Бұл бағытта қазақ тілінің ұлттық болмысының бірден-бір көрсеткіші саналатын этномәдени бірліктер маңызды қызмет атқарады. Ұлттық нышан — ұлттың бірегейлігін, өзіндік бейнесін танытатын маңызды символ. Ол елдің тарихын, мәдениетін және рухани құндылықтарын бейнелей отырып, халықаралық деңгейде ұлттық репрезентацияны қамтамасыз етеді. Ұлттық нышандар өз бастауын халықтың дәстүрінен, дүниетанымынан және ұлттық құндылықтардан алады. «Домбыра», «шаңырақ», «сандық» — жай ғана сөздер емес, тілдік санада прагматикалық қызметті де атқаруы мүмкін, этномәдени белгісі бар лексемалар. Бұл ұғымдар ұлттық бірегейліктің материалдық қана емес, сонымен қатар рухани және мәдени негіздерін де білдіреді. Мақалада қазақ тіліндегі «домбыра», «шаңырақ» және «сандық» этномәдени бірліктерінің көп этносты, көп мәдениетті және көп тілді кеңістіктегі ұлттық құндылықтардың қалыптасуына ықпалы, қалыптастырушы негізгі факторлары талданды. Зерттеудің мақсаты «домбыра», «сандық», «шаңырақ» сөздерінің ассоциативтік құрылымын және қазіргі жастардың көп тілді, көп мәдениетті ортадағы тілдік санасында ұлттық құндылықтарды қалыптастыратын факторларды анықтаумен сипатталады. Зерттеу барысында ассоциативтік эксперименттің дәстүрлі стимул сөз — ақпарат берушінің әсері (реакциясы) схемасын ұстанамыз. Сөздің ассоциативтілігі стимул сөз бен реакция сөздің арасындағы байланыс арқылы анықталады. Стимул сөз — зерттеуші тарапынан экспериментке қатысушыларға ұсынылатын тілдік бірліктер, ал реакция — респонденттердің стимул сөзге қатысты жазған ассоциаттары. Біздің зерттеуімізде стимул сөз ретінде домбыра, сандық, шаңырақ этномәдени бірліктері алынды. Сауалнамаға 17-35 жас аралығындағы қазақ жастары қатысты. Барлығы — 62 информант (51,6% студент, 11,3% магистрант, 4,8% докторант, 29% қызметкер, 3,2% бала күтімімен отырған ана). Олардың 96,8%-ы қазақ мектебінде, 3,2%-ы орыс мектебінде оқыған. ЖОО-да 80,6%-ы қазақ, 16,1%-ы ағылшын, 1%-ы орыс, 1%-ы қазақ-орыс тілдерінде білім алған не білім алып жатыр. Зерттеу нәтижесінде қазақ тіліндегі «домбыра», «сандық», «шаңырақ» сөздерінің ассоциативтік өрісі мазмұндық, құрылымдық тұрғыда жүйеленіп, полиэтникалық кеңістіктегі ұлттық құндылықтарды қалыптастыратын белсенді факторлар, реакция сөздердің арасындағы синонимдік және тек-түрлік қатынастар анықталады.

Сведения

Опубликовано
2026 · Т. 31, № 3(123), С. 75-86
Язык
Казахский
ISSN
2518-198X · 2663-5127
Издатель
Buketov Karaganda State University