Central AsianResearch Index

Оңайгүл Тұржан поэзиясындағы құс символизмі

Мақалада қазіргі қазақ поэзиясындағы көркемдік даралығы айқын ақынның бірі Оңайгүл Тұржанның өлеңдеріндегі құс символизмінің поэтикалық, мифопоэтикалық және психологиялық қырлары кешенді түрде қарастырылады. Қазақ әдеби дәстүрінде құс бейнесі ежелден еркіндік, рух тазалығы, тағдыр, өмірдің өткіншілігі, жан мен тән арақатынасы сияқты терең ұғымдармен сабақтасып келгені белгілі. Алайда қазіргі заманғы лирикада бұл бейне жаңа эстетикалық және мағыналық деңгейге көтеріліп, жеке авторлық дүниетаныммен ұштаса отырып, тың көркемдік қызмет атқара бастады. Осы тұрғыдан алғанда, Оңайгүл Тұржан поэзиясы құс образының семантикалық мүмкіндігін кеңейткен ерекше көркемдік жүйе ретінде назар аударады. Ақынның поэтикалық әлемінде құс тек табиғат көрінісі ретінде ғана емес, сонымен бірге адам жанының нәзік күйін, жалғыздық пен сағыныш сезімін, уақыт ағынының жылдамдығын, көшу мен ажырасудың трагизмін, өлім мен метафизикалық кеңістік арасындағы байланысты, рухани ізденісті бейнелейтін көпқабатты символ қызметін атқарады. «Көңілкүз», «өлім», «үміт», «сағыныш», «рух», «уақыт» сияқты негізгі ұғымдар ақын поэзиясында құс бейнесі арқылы тұтас көркемдік концепт деңгейіне көтеріледі. Зерттеуде Оңайгүл Тұржанның құс тақырыбына арналған бірқатар өлеңі — «Құс кеткен жаққа қарайлап», «Құстардың күрсінгені секілденіп», «Аққулар сені алда кетті бір жаққа», «Аллаға мадақ айтқан құстар сынды», «Құстай жалған» — негізгі мәтіндік корпус ретінде алынып, мазмұндық талдау, жақын оқу (close reading) жәнесимволдық интерпретация әдісі арқылы сараланды. Талдау барысында әрбір өлеңде құс бейнесі әртүрлі семантикалық өрісті ашатыны, алайда бұл мағынаның барлығы тұтас поэтикалық жүйе құрайтыны анықталды. Зерттеу нәтижесі Оңайгүл Тұржан құс образын мәдени ұжымдық сана, түркі мифопоэтикасы, исламдық метафизикалық таным және қазіргі заманғы жеке лирикалық сезімталдықпен сабақтастыра отырып, көпқырлы көркемдік концепт деңгейіне көтергенін дәлелдейді.Осы тұрғыдан алғанда, ақын поэзиясындағы құс символизмі қазіргі қазақ лирикасындағы маңызды көркемдік құбылыс ретінде бағаланады. Бұл зерттеу қазіргі қазақ поэзиясындағы символдық бейнелеу жүйесін түсінуге қосымша ғылыми мүмкіндік береді. Оңайгүл Тұржан шығармашылығындағы құс символизмі жеке авторлық стильдің көрінісі ғана емес, ұлттық поэтикалық ойлау жүйесінің қазіргі кезеңдегі эволюциясын танытатын маңызды көрсеткіш ретінде қарастырылады. Мақала нәтижесін қазақ лирикасындағы көркем образ табиғатын, символдың поэтикалық қызметін және қазіргі поэзиядағы рухани-эстетикалық ізденісті зерттеуде теориялық және әдістемелік тұрғыдан қолдануға болады.

Сведения

Опубликовано
2026 · Т. 31, № 2(122), С. 142-157
Язык
Казахский
ISSN
2518-198X · 2663-5127
Издатель
Buketov Karaganda State University